Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай, Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінде «Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек» атты поэзия кеші болып өтті. Онда «Мұқағали –қазақ поэзиясының хан тәңірі» тақырыбында кітап көрмесі жасақталып, Мұқағали Мақатаевтың өмірбаяны таныстырылды.
Жалпы, ақын Мұқағали Мақатаев «Менің анкетам» деген өлеңінде өзін диалог арқылы таныстырса, «Мен таулықпын», «Қара сазым», «Туған жерге», «Бесік басында», «Жастық», «Қазақ жері» сынды өлеңдерінде туған жерге деген сүйіспеншілігі, ауылға, Отанға деген махаббат сезімі, өзінің ұлты мен туған тіліне деген ерекше құрметі айқын аңғарылады. Демек, ол өзінің қысқа ғұмырында өзіне-өзі сенген ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көркем дастандары арқылы халық жүрегінде мәңгі сақталып қалды.
Кеш барысында ақын туралы айтылған естеліктер оқылып, студенттер Мұқағали ақынның сөзіне жазылған әндерді тамылжыта шырқады. Сондай-ақ Оспан Айдана «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын көркем шеберлікпен оқып, көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастаса, ақын туралы көрсетілген бейнежазба да көпшілік көңілінен шықты. Ал, ақын өмірінің соңғы сәттерінен көрсетілген көріністе Мұқағалидың бейнесін сомдаған Закария Бекарыс үлкен актерлік шеберлігімен танылды. Кеш соңында сөз алған колледж әдіскері мен директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары кештің берері мол шара болып өткенін, осы шараны ұйымдастырушыларға үлкен рахмет айтып, алдағы уақытта да осындай мәнді шаралар өткізіліп тұрса деген тілектерін білдіріп, ақынның «Есіңе мені алғайсың» әнімен тәмәмдалды.